«ӘЛ- ФАРАБИ МҰРАСЫ ЖӘНЕ БҮГІГІ ҚАЗАҚСТАН» ТАҚЫРЫБЫНДА ОНЛАИН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы қаулысымен елімізде өтіп жатқан Әл-Фарабидің 1150-жылдық мерей тойына арналған іс-шаралар шеңберінде, сәуірдің 21-ші жұлдызында Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Әлеуметтік пәндер кафедрасы ұйымдастыруымен «Әл-Фараби мұрасы және бүгінгі Қазазақстан» деген тақырыппен республика көлемінде онлайн-конференция өткізілді.
Жыл басында жоғары оқу орындары аралық деңгейде өткізілмек болып жоспарланған ғылыми-практикалық конференция қазіргі еліміздегі карантин жағдайына байланысты онлайн конференция формасында өткізілді. Оған Алматы қаласының оқу орындарынан белгілі ғалымдар, АЭжБУ ұстаздары мен студенттері қатысты. Жалпы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан айтулы датаға ҚР үкіметі бекіткен қаулыға сәйкес университет ұжымы арнайы дайндалып, техникалық мүмкіндіктерді жоғары деңгейде пайдаланды. Осы онлайн конференцияны ұйымдастыру шарасына мұрындық болып атсалысқан АЭжБУ тәрбие жөніндегі проректоры С.Қ. Махмутов және әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Ж. Қабдөшевтің еңбектерін ерекше атап өту керек. Себебі, мұндай деңгейдегі іс-шараны онлайн формасында өткізу еліміздегі алғашқы қадамдардың бірі десек те болады. Жоғары оқу орындарының тәжірибесінде болмаған бұл жобаны ұйымдастырушылар көздеген мақсаттарына абыроймен жетті деп санаймыз. Онлайн конференцияны кіріспе сөзбен ашқан АЭжБУ Әлеуметтік пәндер кафедрасы меңгерушісі Б.Ж. Қабдөшев еліміздің әр түкпірінен байланысқа шығып қатысып отырған ғалым-ұстаздар мен студенттерді құттықтап, жаңа форматта өтіп жатқан ғылыми жиынның өзіндік ерекшеліктерін айтып жұртқа табыс тіледі. Бірінші болып баяндама жасаған, әл-Фараби атындағы ҚМҰУ жанынан құрылған әл-Фараби Ғылыми орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Бекжан Мейірбайұлы өткізіліп жатқан ғылыми жиынның маңызы мен ерекшелігін атай келіп, өзі басқарып отырған ғылыми орталықтың жұмыстарына тоқталды. Әл-Фараби мұрасын зерттеу бағыттары туралы және болашақтағы жоспарлар жайында ой бөлісті. Тыңдармандар тарапынан әртүрлі сауалдар қойылып, ғылыми орталықтың Ұлы ойшыл туралы жинаған деректері мен материалдарына қызығушылық байқалды.
Өз кезегінде сөз алған, осы орталықтың ғылыми кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ж.А. Алтаев «әл-Фарабидің кемел қоғам туралы ойлары» атты көлемді баяндама жасады. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғандарының көзқарастары» және басқа еңбектеріндегі жетілген қоғам туралы терең ойларын талдай келіп, ғұлама ғалым туындыларының қазіргі заманда да өзекті екендігіне баса назар аударды.
ҚР Ғылым Академиясының, философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Аяжан Сағиқызы «әл-Фараби философиясының гуманистік және тәрбиелік мәні» тақырыбына баяндама жасап Ұлы Ұстаздың мұрасын зерттеудің, қоғамда насихаттаудың бүгінгі таңдағы мәселелерін айқындап берді. Жалпы адамзаттық мәселелерді шешудің жолдарын көрсеткен кемеңгер ойшылдың өркениетті қоғамдағы адамдар мен ел басшыларының бойында болуға тиіс адами қасиеттердің мәні туралы құнды ойларын ортаға сала келіп, Аяжан Сағиқызы, қазіргі заманғы қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайлар туралы толғана сөйледі. Әсіресе оқу-тәрбие процессіндегі күрделі және ауқымды тауқыметтерге ерекше назар аударды. Ғалымның айтқан дәйекті пікірлері студент жастардың санасына салмақты ой салды деп санаймыз, соның айғағындай жастар тарапынан қойылған өткір сұрақтарға тиісті жауаптар беріліп жатты.
Әл-Фараби ғылыми орталығының қызметкері, докторант Хұмархан Жанболат мырза «әл-Фарабидің кемел тұлға туралы түсінігі» деп аталатын баяндамасында Ұлы ойшылдың мәдениетті қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына берген сипаттарын жан-жақты талдап берді. Әсіресе «кемел адам» болуға қажетті талап-тілектер мен шарттардың мәніне көңіл аударып, өмірден өз орнын табам деп талпынған жастар үшін өте маңызды екендігіне тоқталды. Тағы бір, тыңдармандарды қызықтырған баяндама туралы айтуға тиіспіз. АЭжБУ-ің Ғарыштық байланыс және радиоэлектроника институтының 2-ші курс студенті Жүнісбек Алтынайдың «әл-Фараби бақыт туралы» деген тақырыпқа жасаған баяндамасы өте әсерлі шықты. «Бақыт-әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол белгісіз бір жетілу болып табылады» - деген әл-Фараби сөзімен баяндамасын бастаған студентіміз, адамға бақытты болудың жолын көрсеткен Ұлы бабамыздың өсиетінің жастар үшін маңызы мен мағынасын ерекше тебіреніспен жеткізді. Алтынайдың сөз саптауы мен өзіндік ойлары, өсіп келе жатқан қазіргі заманғы қазақ жастарының алғырлығын, білім деңгейін, талабы мен жігерін, олардың мақсат-мұратын көрсеткендей әсер қалдырды.
Осы онлайн ғылыми жиынға қатысқан ғалым-ұстаздардың, Ұлы бабамыздың қалдырған рухани мұрасын жастарымыздың терең түсініп, жүрекпен қабылдағандарына ерекше риза болғандығын айтпасқа болмас. Расында да, Ғұлама ғалымның «Бақыт деген игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі» деп, адамзатты ақыл мен парасат арқылы өзін жетілдіруге шақыруы, мәдениетті қоғам орнатуға бағыт-бағдар көрсетуі бүгінгі заман үшін де өзекті мәселелер. Себебі, әл-Фараби, өз шығармаларында қоғам дамуындағы кедергілер мен адам бойындағы кездесетін пендешіліктердің табиғатын дәл көрсете білді және адамзат дамуының заңдылықтарын ашып берді. Егеменді Ел болып, өзіндік даму жолына түскен Қазақстан үшін де данышпан ғалымның шығармалары, таптырмас теориялық негіз деп танимыз.
Өткен онлайн ғылыми отырыс туралы ойымызды қорытындыласақ, қазіргі «информациялық қоғамға» аяқ басқан заманда, ғаламтордың үстемдігі белең ала бастаған уақытта қашықтықтан білім берудің рөлі өсіп келе жатқандығын мойындауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, біздің университеттің алғаш өткізіп отырған «онлайн ғылыми конференция» үлгі боларлық қажетті бастама деп айтуымызға болады. Бұл тек қазіргі уақытша жағдай тудырған іс-әрекет емес, заман талабы. Бүгінгі «онлайн конференциямызға» бір мезгілде ғалым-ұстаздармен бірге 120-шамасындағы студент жастар қатысып отырды. Ұйымдастырушылардың біліктілігі мен жауапкершілігі нәтижесінде онлайн байланыс ешбір кедергісіз, қалыпты жағдайда сәтті өтті. Болашақта осындай маңызы бар және уақыт пен жер қашықтығы тұрғысынан өте тиімді онлайн ғылыми жиындар мен байланыстардың ұйымдастырылып тұруына тәжірибе жинадық деп айта аламыз. Тек республика шеңберінде ғана емес, халықаралық деңгейде де осындай ғылыми конференциялар ұйымдастыруға болатындығына көз жеткізгендейміз. Осындай жаңа бастамаға өзек болған Ұлы ойшыл бабамыз әл-Фарабидің 1150-жылдық мерейтойы және де адамзатқа қалдырған баға жетпес құнды еңбектерімен жастардың жақынырақ танысып жатқаны жиынға қатынасқан көпшіліктің көңіліне болашаққа деген сенім ұялатқандай болып қоштастық.
Қуанышқазы МҰХАМЕДЖАН
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы Энергетика және Байланыс университетінің әлеуметтік пәндер кафедрасының профессоры
Копировать ссылку