Қашықтан білім беру: ізденіс, еңбек, нәтиже
Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері Қазақстандағы білім беру орындары қашықтан оқу әдісіне көшкен. Онлайн арқылы білім алу жүйесін дамыған елдер бұрын-ақ бастаған. Бұл білім беру жүйесі туралы және қашықтан оқытудың алғы шарттарын Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан -2030» стратегиялық бағдарламасында айқын көрсетті. Қазіргі таңда Қазақстанда да бұл жүйемен оқыту технологиясы кеңінен қолданылып, жұмыс жасап, жүзеге асырылуда. Интернет желісі мен ақпараттық технологиялар арқылы жаңа білім беру әдістерін қолдану кеңейтіліп келеді.
Жаңа ақпараттық технологияларды қолдану қай салада болса да, соның ішінде білім беру жүйесінде қолдану үлкен ізденіс, шығармашылық пен еңбекті талап етеді. Осы еңбектің негізгі қозғаушы күші – адам. Осыған байланысты адамның шығармашылық потенциалын дамыту үшін қажетті жағдай жасалуы керек.
Қашықтықтан білім беру жүйесінің жұмыстары – ҚР Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 13 сәуірдегі №169 бұйрығымен бекітілген «Оқу процесін қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша ұйымдастырудың Ережесі» және ҚР Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 4 маусымдағы №266 бұйрығымен бекітілген «Қашықтықтан оқыту технологиялары бойынша оқытуды ұйымдастыру» стандартына негізделеді.
Қазақстан Республикасының білім беру заңына сәйкес біздің Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде жоғары білім беру (оқыту) күндізгі, қашықтан оқыту бөлімдерінде қолға алынып, ойдағыдай жүзеге асырылуда. Қашықтан оқыту оқытушының білім алушылармен /студенттермен/ оқыту құралдары арқылы интерактивті қарым-қатынас әрекет үрдісін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық - педагогикалық технология.
Қашықтықтан оқыту әдісі бойынша жұмыс істейтін оқытушы оқытудың жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, меңгеріп, олармен жұмыс жасай білуі керек. Осы орайда, біздің университет тарапынан алдын ала арнайы курстар жүргізіліп, оқытушылар бұл оқу жүйесіне сақадай сай дайын болды деуге болады.
Қашықтықтан білім беру жүйесінің қызметі – білім алушы мен оқытушының арасындағы ақпараттық және телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып, оқыту. Қашықтан оқытуда екі компонент бар: оқытуды басқару және өз бетімен білім алу. Қашықтан оқыту бұл оқытушының біліктілігін, тәжірибесін көтереді, білім алушыны өз бетімен жұмыс жасауға дағдыландырып, білім алуын қалыптастырады. Қашықтықтан оқытудың әдістері – студентке жеке талап қоя отырып, оқытушымен тікелей қарым-қатынаста болуын іске асырады.
Оқытуды басқару компоненті оқытушының:
- оқу курстарын оқытуда білім алушының қажеттілігін ұғынуы, сол мақсатта ізденуі;
- білім алушыларға оқу материалдарын терең және түбегейлі жеткізуі;
- оқу үдерісінде кеңестер беруі;
- білім алушылармен кері байланысты ұйымдастыруы;
- оқу үдерісін бақылауы болса,
Оқытуды басқарудың екінші компоненті өз бетімен білім алу. Бұл білім алушының:
- білімін жоғарғы деңгейге көтеру мақсатында өз бетінше терең және тыңғылықты жұмыс жасауы;
- туындаған өзекті мәселелерді қарастыруы;
- мақсат пен міндеттерді қою, одан нәтиже шығаруы болып табылады.
Қашықтан оқыту процесінде студенттердің өзіндік жұмыстарын тексеріп, қабылдау, бағалау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі жағдайда студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру оқытушыға да, студентке де маңызды әрі қызықты болды. Студенттің өзіндік жұмысы - кез-келген пәнді оқуда өзіндік жұмыстың орындалу әдістерінің қалыптасуына бағытталып, студенттің ғылыми, оқу кәсіби қызметін қалыптастырып, қойылған мәселелерді дұрыс шешуіне арналған. Оқу бағдарламасы бойынша 1 курс студенттері 6 өзіндік жұмыс орындап, қорғаулары керек. Соңғы жұмыстың тақырыбы: «Кәсіби саладағы іскери қарым-қатынас» . Диалог /сұқбат/ құрастыру, жазбаша орындап, ауызша қорғау. Бұл жұмыс студенттің білім алудағы жеке жұмысын ғана емес, қазіргі заман талабына сай жоғары кәсіби маманды тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Енді қашықтықтан оқыту процесінде бұл жұмыс қалай жүргізілді деген сұраққа жауап берсек.
1. Әр студентке жеке тақырып беріледі;
2. Жұмысты орындау, аяқтау мерзімі белгіленеді;
3. Өзіндік жұмыстың маңызын толығырақ түсіну үшін, оның атқаратын негізі мен міндеттері атап өтіледі;
4. Студентке тапсырманы орындау барысында қажетті ғылыми әдебиеттер мен әдістемелік көрсеткіштер тізімі көрсетіледі.
Студенттің өзіндік жұмысының нәтижесі: өздігінен ой қорытып, шешім шығаруға; ауызекі сөйлеу тілін меңгеруге, сауатты жазуға; тілдік, танымдық сөздік қорын, тіл байлығын арттыруға; болашақ ісінің кәсіби шеберлігіне деген қызығушылығын арттыруға; болашақ маманның шығармашылық ойлауын, танымдық қызығушылығын қалыптастыруға үйретті.
Студенттің өзіндік жұмысын қабылдау бейнеконференция көмегімен жүргізу өте қызықты өтті. Студент өз тақырыбын аша отырып, ойын еркін, мазмұнды жеткізе білді. Бейнеконференцияға қатысқан студенттер жұмыс бойынша сұрақ қойып, оған жауап берілді. Яғни, қабылдау жұмысы студенттер мен оқытушылар арасындағы белсенді сұхбат түрінде жоғары дәрежеде өтті. Білім алушылардың/студенттердің арасындағы өзара іс-әрекет саны артып, ал оқытушы тең құқылы әріптес ретінде көрінді. Оқытушы материалдың меңгерілуін жұмысты қорғаушы студент пен пікірталасқа қатысушы студенттің белсенділік дәрежесі бойынша бағалай алды.
Қорыта келгенде, қашықтан оқыту технологиясы кез келген оқыту түрінде /дәріс оқу, практикалық сабақ, студенттің өзіндік жұмысын қорғау және т.б./ жұмыс жасауға болатындығын және білім беру жүйесінде өзінің тиісті алатын орны бар оқыту жүйесі екендігін көрсетті.

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің
тіл білімдері кафедрасының аға оқытушысы Д.М.Арыстанғалиева
Копировать ссылку