САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНДЕРДІҢ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ
Құрметті әріптестер, студенттер!
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын еске алу күні Сіздермен маңызды жаңалығымызбен бөліскіміз келеді
2020 жылы 30-мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай халқына мәлімдеме жасап, 1993 жылы басталған жұмысты аяғына жеткізу үшін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысын жүгізетін мемлекеттік комиссия құру жөнінде тапсырма берді.
Осы мемлекет басшысының тапсырмасына орай Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары, сырттан қосылған қонақтар бар және Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің әлеуметтік пәндер кафедрасының профессор-оқытушыларының қатысуымен 30 мамырда сағат 16.00, «Сталиндік саяси-қуғын сүргін: тарихы және құрбандарын ақтау мәселелері» тақырыпта онлайн форматта дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел жұмысын Институт директоры, профессор З.Е. Қабылдинов ашып, белгілі ғалымдар Қ.С. Алдажұманов, Б.Ғ. Аяған, Г.М. Меңдіқұлова, Л.А. Гривенная, Г.К. Көкебаева, С. Шілдебай т.б. баяндама жасады. Жиынға қатысқан Б.Берлібаев, Б.Кабдушев, К.Өскембаев, З.Сақтағанова және т.б. тарихшылар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Баршаңызға белгілі, 1997 жылдан бастап «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып ресми бекітілгеннен бері осы датаны аза тұту күні ретінде мемлекеттік дәрежеде атап келеміз.
Тарихшылардың айтуынша КСРО бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Жазықсыз 631 атылған адамның 80 пайызы алаштың арыстары және ірі мемлекет қайраткерлері болған.

Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болса, Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасқан. Олар: Алжир «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері», Қарлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерлері. 1937-1938 жылдары осы лагерлерде 20 мың әйел жазасын өтеді.
Ал халқымызды баудай қырған қолдан жасалған аштықтың қазақтың шығынын әлі анықтай алмай отырмыз. 1921-22 жж. аштығына 1 млн. 800 мың адам зардап шекті делінсе, 1932-33 жж. ресми деректерде 2 млн. 200 мың қазақ аштан қырылғаны айтылады.
3 сағатқа созылған талқылаудың барысында дөңгелек үстелден түйгеніміз, И.Сталин қайтыс болғаннан кейінгі хрущевтік «жылымық» кезінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау барысы екі кезеңде жүрген екен:
«хрущевтік» (1953-1961 жж.) ақтау кезеңі;
«горбачевтік» (1988-1991 жж.) ақтау кезеңі.
Енді кімдерді ақтау керек дейсіздер ғой? Төменде комиссияның жұмыс бағытын құрайтын, ақталуға тиістілердің қысқартылған топтарын беріп отырмыз:
1. Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін өркениетті түрде күрескен халықтың (адамдар тобының), саяси және қоғамдық ұйымдар: «Алаш» халықтық-патриоттық және демократиялық қозғалысы мен партиясының, «Қазақ халқын қорғау одағының» (Орал қаласы), ЕСЕП (Қарағанды облысы), «Жас ұлан» (Павлодар облысы) партияларының қатысушылары, 1916 жылғы және 1986 жылғы ұлт-азаттық көтерілістерге қатысушылар, сондай-ақ қазақ халқының азаттығы мен Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен басқа қоғамдық-саяси қозғалыстар мен ұйымдардың қатысушылары, жекелеген қаһармандар саяси тұрғыдан бағаланып, ақталуға тиіс. Мысалы, Н.Құлмағамбетов, Х.Қожахмет және басқалар осы санатқа жатқызылуға тиіс. Бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарында тұрған, 1918 жылы М.Тынышпаев пен М.Шоқай басқарған Түркістан автономиясын құруға қатысқаны үшін қатыгез, қанқұйлы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отандастарымыз да саяси және заңдық жағынан ақталуға тиіс. Себебі бұл – біздің әлі күнге дейін ақтаңдағынан арылмаған тарихымыздың, толық ақталмаған қаһармандарымыздың бір бөлігі.
2. «ұлтшылдықпен күрес» деген желеумен ұлттық саяси, шығармашылық, ғылыми, рухани элитаның үздік бөлігі жойылды. 1911 жылы Орал қаласында «Қазақстан» газетін ашқан ақын Елеусін Бұйрин, экономика профессоры болған алғашқы қазақ Әзімбай Лекеров, ату жазасына кесілген алғашқы қызымыз Шахзада Шонанова, әдебиетші Есмағамбет Ысмайылов, тарихшы Ермұхан Бекмаханов, Қазревкомның мүшесі Тимофей Сидельников, музыкатанушы Александр Затаевич, «Алаш» партиясының қырғыз филиалын ашқан Ишанәлі Арабаев, дін қызметшісі Ақмырза ишан, дәрігер Әбубәкір Алдияров және Қазақстанның басқа да ондаған мың нағыз патриоты – қаһарманы жариялы түрде саяси тұрғыдан ақталуға тиіс.
3. Қазақстанда Кеңес өкіметіннің саясатына қарсы 372 (ресми емес деректер бойынша 400-ден астам) халық көтерілісіне қатысушыларға саяси баға беріп, ақталуға тиіс;
4. Қазақстаннан қуылып, жат жұртқа кеткен қандастарымыздың бүгінгі 5 миллионнан астам ұрпағы (қазақ халқының үштен бір бөлігі) өзінің тарихи Отанынан тыс жерде өмір сүруде. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысушыларды патшаның жазалаушы жасақтары мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргінге ұшыратқан кезеңде, әсіресе Кеңес өкіметі орнатылған кезден бастап, 1930 жылдардың соңына дейін большевиктік-сталиндік режимнің Қазақстандағы халыққа қарсы және қылмыскер акциялары мен іс-әрекетінің салдарынан жау-қашқын аталғандар саяси-құқықтық жағынан ақталуға тиіс.
5. Байлардың, жартылай феодалдар мен кулактардың меншігі мен мүлкін тәркілеу науқанын жүргізу кезеңінде (архив деректері бойынша, осындай адамдардың саны тек 1930 жылдың қаңтар-маусымының өзінде 54 625 бай, ірі және орта шаруа қожалығын (200 мыңнан астам адам) құраған) сотталған адамдар да заңдық жағынан толық ақталуға тиіс.
6. Дінге қызмет еткені үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дәстүрлі дін өкілдері яғни «Сопы» арнайы операциясы мен басқа да дінге қарсы науқандардың жүздеген, мыңдаған құрбаны саяси-құқықтық жағынан толық ақталуға тиіс.
7. 1939-1945 жылдары кеңес басшылығының кінәсі мен кешірілмес салғырттығының салдарынан фашистік Германияда, Финляндия мен басқа да Еуропа елдерінде тұтқында болған қазақстандық әскери тұтқындар заңдық жағынан ақталуға тиіс.
8. Ет, астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, сотталған ондаған мың қазақстандық та заңдық жағынан толық ақталуға тиіс. Тек қана 1928 жылдың қаңтарынан 1929 жылдың 15 желтоқсанына дейін осы бап бойынша 52 300 адам сотталған. Жұмысқа кешіккені, жұмыстан рұқсатсыз кеткені, астықтың бірнеше сабағын әкеткені және басқа да болмашы ағаттықтары үшін сотталған төменгі және орта буын қызметкерлері де заңдық жағынан ақталуға тиіс. Бұл бойынша 1932 жылдың тамызынан бастап, бар-жоғы бір жыл ішінде 33 345 қазақстандық сотталған.
9. «Бандылық құрылымның қатысушылары», «шпиондар», «Отанды сатқандар», «диверсанттар» деп деп айыпталғандар істері толықтай қайта қаралуы тиіс.
10. «Алаш» қозғалысы мен партиясының қатардағы қатысушылары (тіпті оған тілектес, ниеттес болып, ұйымдастырушылық, материалдық және қаржылық көмек көрсеткендер), сондай-ақ жергілікті жерлерде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған «Алаш» әскери құрылымдарының 10 мыңдай сарбазы мен сардары заңдық және саяси жағынан толық ақталуы тиіс;
11. Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте орыс, еврей, өзбек, украин, белорус, ұйғыр, қырғыз және басқа да ұлт өкілдері – интернационалистер көрсеткен батырлық пен ерліктің жүздеген, мыңдаған фактілеріне, солардың арасынан шыққан саяси қуғын-сүргін құрбандарына мемлекеттік баға беріліп, олар саяси тұрғыдан ақтау;
12. Өзінің шыққан тегіне, қызметінің түріне байланысты азаматтық құқықтарынан, ең алдымен сайлау құқығынан айырылған адамдар да қуғын-сүргін құрбандары ретінде саяси жағынан ақталуға тиіс. Олардың қатарына дін қызметшілері, байлар, кулактар, олардың отбасы мүшелері және өздерінің саяси және азаматтық құқықтарынан айырылған басқа да құрбандар жатады.
Қорыта айтқанда, «елімізде мемлекеттік зорлық-зомбылықтың, соған сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарының осыншалықты орасан көп болуына большевиктік-сталиндік биліктің біздің жерімізде Қазкрайкомның бірінші хатшысы Ф.Голощекин бастама жасаған халқымызға қарсы аса қанқұйлы жоба – «Қазақстандағы кіші Қазан» сияқты бағдарламаларды саяси эксперимент ретінде жүзеге асырғаны себеп болып» отыр.
Жалпы алғанда 74 жыл Кеңестік биліктің халқымызға жасаған қылмысы шаш етектен. Ендеше кәсіби тарихшылар алда осы ұсынылған бағыттағы зерттеулерге тыңнан түре салып, сауабы мол зерттеулерді дүниеге әкеледі деген сенімдеміз.
Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы.
Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Кабдушев.
Ықшамдалған құжат «Жас Алаш» газетінен алынды
сурет
https://www.google.com/url?sa=i&url=https%3A%2F%2Fstrategy2050.kz%2Fru%2Fnews%2F45370%2F&psig=AOvVaw38sh7-Ci1I_0w_nN_Iz28-&ust=1590992643739000&source=images&cd=vfe&ved=0CAMQjB1qFwoTCJCy7N- 73ekCFQAAAAAdAAAAABAW сайтынан алынған.
Копировать ссылку