ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ БҮГІНГІ ЖАСТАР

«Энергетика және байланыс институтына: қымбатты азаматтар, сіздерге келіп жолыққаным өте бір құрмет деп есептеймін. Сіздерге жолыққаным үлкен бақыт деп ойлаймын».
Өнерге еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстан суретшілер одағының бірінші хатшысы, КСРО Суретшілер одағының хатшысы, ҚР туының авторы Шәкен Ниязбеков
4.11.2008 г.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің егеменділігін сипаттайтын ажырамайтын атрибуттар саналады. Мемлекеттік рәміздерге елтаңба, әнұран және туға құрметті қалыптастыру қазіргі қазақ қоғамының мәңгілік өмір сүруінің, азаматтарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің, жауапкершілікті сезінудің және қоғамның рухани бірлігін нығайтудың қазығы болып табылады. Отаныңның мемлекеттік рәміздерін білу ол азаматтық борышың!
Қазақстан Республикасы Конституциясының 9 бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимнi бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi» деп жазылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Жарлығы 5 тараудан 14 баптан тұрады, соның 3 бабында Қазақстан Республикасының азаматтары, сонымен қатар республика аумағындағы тұлғалар мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті деп көрсетілген. Яғни мемлекеттік рәміздерді қорлаған тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс. Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңбаны орнату, қолданудың ресми рәсімдері заңда арнайы көрсетілген.
Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңбаның эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады.
Бүгінгі Қазақстан Республикасы – жас мемлекет. Ендеше рәміздерді дұрыс пайдалану және қалың бұқара арасында насихаттау бағытында жүздеген жылдар бойы мемлекеттік рәміздерді пайдалану дәстүрі қалыптасқан шетелдердің тәжірибесіне жүгінуіміз керек.
Кез келген мемлекет үшін патриотизмді қалыптастыру бірінші кезектегі міндеті, яғни рәміздерге Туға, Елтаңбаға, Әнұранға, ұлттық мейрамдарға құрметтілік қалыптасқан. Мәселен АҚШ азаматтарының әнұранды жатқа білуі қалыпты нәрсе және салтанатты шараларда орындайды. Тіпті АҚШ азаматы атанудың өзі бір мәртебе екенін білесіздер. Мекемелерде ғана емес әр үйде америкалық тудың болуы дәстүрге айналған. Ұлттық рәміздерден жасалған бұйымдар АҚШ халқының үлкен сұранысына ие. Бұл қасиеттер мемлекеттік насихаттың, әр азаматының қай елде болмасын құқының жоғары дәрежеде қорғалуымен түсіндіріледі. Мемлекеттік рәміздерге деген ілтипат, мақтаныш осындай тіректер арқылы азаматтарда біртіндеп дамиды, қалыптасады.
Түркияда мектептердегі оқу аптасы дүйсенбі күні музыканың сүйемелдеуімен мектеп ауасында туды көтеруден және түрік әнұранын орындаудан басталады жұма күні аяқталады екен.
Қытайда күн сайын елдің орталық алаңында мемлекеттік туды көтеру мен түсіру кезінде тұрғындардың көбі жиналады.
Айтылғандардан шығар қорытынды: азаматтардың бойындағы мемлекеттік рәміздерге деген құрмет ондаған және жүздеген жылдар бойы тәрбиелену арқылы орныққанын көрсетеді. Олардың кейбір тәжірибелерін Қазақстанға да енгізсе де болады. Ол арқылы:
1-ден, мемлекеттік рәміздерді жастарға зерделеу, насихаттау арқылы тәрбиелеп, олардың бойында патриоттық сананы қалыптастыруға болады;
2-ден, Қазақстандық жастар мемлекеттік рәміздерді мектепте, жоғары білім мекемелерінде арнайы оқу барысында Отан тарихына үңіледі. Рәміздеріміздің қазақ халқының ғасырлық дәстүрлері мен мәдениетінің нәтижесі болғанына көзі жетеді;
3-ден, ұрпақты Отанға және оның ресми рәміздеріне деген шынайы құрмет пен сүйіспеншілік рухы биік, еліне жанпидашылықпен қызмет жасайтын азаматтар қалыптасады.
Жалпы білім алушы өскелең ұрпақ пен жоғары оқу орнындағы жастар арасында рәміздерімізді құрметтеу тәрбиелеудің маңызды қоғамдық институты болып табылады. Біліммен бірге тәлім-тәрбие беріледі. Патриоттық тәрбие жастарды азаматтық парыз бен қарызын өтеуді үйретеді. Әл-Фараби даналығы: «жастарыңды көрсет, мен еліңнің болашағын болжап берейін» - деуі осыған саяды.
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде патриоттық тәрбие жүйесін дамыту жастар саясатының басты мақсаттарының бірі болып табылады және жастар тәрбиесінде төмендегі мәселерді басты назарында ұстайды:
- білім беру арқылы үздіксіз тәрбиелеу, әлеуметтік маңызы бар құндылықтар, азаматтық ұстаным пен отансүйгіштік қасиеттер қалыптастыру;
- ректорат, институт басшылығы, кафедралар, эдвайзерлермен, жастар ұйымдарының ұйытқы болуымен ұйымдастырылатын түрлі шаралар арқылы жаппай патриоттық жұмыс жүзеге асыру;
- ел қорғаушы тұлғасын қалыптастыруда бүгінгі жағдайда рөлі артып отырған бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми-шығармашылық жұмыстардың мүмкіншіліктерін дұрыс пайдалану.
Қорыта айтқанда, сол арқылы - өз Отанына, өз халқына, қоғамның игілігіне адал және сүйіспеншілікпен қызмет ететін азаматтары қалыптастырамыз.
Болат Жоламанұлы
Әлеуметтік пәндер кафедрасыының меңгерушісі
Копировать ссылку