ЕЛБАСЫНАН ЕМТИХАН ҚАБЫЛДАҒАН
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған күніне орай
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде ғылыми-оқытушылық қызмет жасап жүріп, 2017 жылы 85 жасында біржола құрметті демалысқа шыққан ғылым кандидаты, доцент Надиров Ермұрат Ғалымбекұлының Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Қарағандыда сабақ бергенін естіген соң, сол әңгімені өзінен білмек үшін ағамыз жұмыс жасаған «Теориялық электроника» кафедрасының бұрынғы меңгерушісі Жолдыбаева Зухра Исламовнаға хабарластым. Апайымызға көп-көп рахмет, елдегі карантин жағдайындағы қолайсыздықтарға қарамастан байланысуға болатын бар ақпаратты тауып беріп, ол кісінің өмірбаяны жайлы мәліметтердің кафедрада сақталғандығын және қазіргі меңгерушісі Гүлзада Мусапировамен хабарласуға кеңес берді. Зухра апайымыз кафедрасындағы сабақ беруші жасы келіп қалған оқытушы-профессорларды денсаулығына жанашырлықпен қарағаны деп түсіндік, Ермұрат Ғалымбекұлының жоғары қан қысымына байланысты алаңдағандықтан қызымен үнемі байланыста болғандығын айтып, ұялы телефонының нөмірін берген еді. Бірден хабарластық. Гүлнара Ермұратқызы ағамыздың аман-есен, сексеннің сегізіне келсе де тың, әңгімесін айтып беруге дайын, есігіміз ашық деп орысша сөйлесе де қазақы мінез танытқанына кәдімгідей қуанып қалдым. Дегенмен жұқпалы індет үдеп тұрғанда, тәртіпті бұзбайық деген ниетпен Ермұрат ағамызбен әңгімемізді онлайн түрде өткізуге келістік.
Ермұрат ағаның өмір асулары
Надиров Ермұрат Ғалымбекұлы ағамыз ел тарихындағы қиын-қыстау заман - 1932 жылы 9 тамызда дүниеге келіпті. Бұл қазақ тарихындағы кеңестер социализмді орнатудың жоспарын жүзеге асыруда қазақ халқына геноцид жасалған (ресми деректерде халқымыздың 2 млн. 200 мыңы құрбан болған) апатты жыл еді. Ажал тырнағынан аман шыққан бала 9 жасқа толғанда, енді екінші Дүниежүзілік соғыстың қасіретін елмен бірге қабырғасы қайысып көтеріседі. Еңбекке ерте араласты, алайда бұл қиындықтар баланың қиялындағы білімге деген арманы мен ерекше құштарлығы өшіре алмапты...
1949 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне түсті. 1954 жылы оқуын тәмәмдап ашылғанына бір-ақ жыл болған Қарағанды Тау институтына жас маман ретінде барып, физика кафедрасының асистентінен бастап, кафедрасының меңгерушісіне дейін тура 58 жыл қызмет атқарған екен. Жас ғалымды Қарағанды кен орындарындағы қатты денелердің электрлік, физика-химиялық қасиеттері қызықтырып, зерттеу жұмысын бастайды. Ресейдегі атақты физиктер, Нобель сыйлығының иегерлері П.Л. Капица, Л.Д. Ландау сияқты әлемге мәшһүр ғалымдардың дәрісін тыңдап, нәтижесінде ғылыми атағын сәтті қорғап шыққан. 100-ден астам ғылыми және әдістемелік еңбектер жазды. 2002 жылы Алматыға көшіп келіп, 10 жыл техникалық білімнің қара шаңырағы Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-де доценті болып жұмыс жасайды.
2012 жылы Алматы энергетика байланыс университетінде «Теориялық электроника» кафедрасының доценті болып қызмет атқарды. Әріптестерінің айтуынша Ермұрат Ғалымбекұлы біліктілігі, адалдығы, жоғары кәсібилігі және ерекше еңбекқорлығы үшін студенттер мен университет қызметкерлерінің құрметіне және сүйіспеншілігіне ие болды.
Елбасынан емтихан қабылдау
(Ермұрат ағамыздың әңгімесі)
«1953 жылы Орталық Казақстандағы тау-кен өндірісінің қарқынды дамуымен байланысты металург мамандарын даярлау мақсатында Қарағанды Тау институты құрылған болатын. 1954 жылы жолдамамен оқу орнына барып, жұмысқа қабылдандым. Көрнекті ғалым, Еңбек Ері Абылкас Сағыновтың ректор болып келген жылдары еді. 1958 жылы оқу орны Политехникалық институт болып өзгертіліп, сонымен бірге Теміртау қаласында Қарағанды политехникалық институтының кешке оқитын филиалы ашылды. Институттың Ғылыми Кеңесінде «қара және түсті металды құю» және «қара металды қысым арқылы алу» мамандықтарын ашу мәселесі қызу талқылаудан өтіп, оң шешім шығарылған болатын. 1962 жылы сол мамандыққа түсуге келген студенттерден физика пәнінен емтиханды мен қабылдадым. Олардың ішінде 5 пайыздық жеңілдікпен Украина қаласы Днепродзержинскінің техникумын бітіріп келген 5 студентке бір пәнді ғана таңдап, институтқа түсуге мүмкіндік берілді. Олардың бәрі физиканы таңдады. Емтиханды студентер сәтті тапсырып, сол қабылданған 5 студенттің арасында Нұрсұлтан Назарбаев та болатын. Ол ЛП-62-2 тобына – «қара және түсті металдар құю» мамандығына түсті. Сол кезде барлық техникалық университеттер мамандарды оқытуды өндірістік еңбекпен біріктіруге көшкен. Студент бір уақытта өндірісте жұмыс істеді және институтта оқыды. Мамандықтың практикалық жағын игеру тұрғысынан мұндай жүйенің пайдасы зор болды. Әрине, институтта бір уақытта жұмыс істеу және оқу қиын еді, бірақ Тәуелсіз Қазақстанның болашақ Президенті сол кездің өзінде шыдамдылық және еңбекқорлығымен ерекшеленген болып шықты.
Осылайша олар өндірістен қол үзбей оқып, бірінші курсты бітірді. Біздің кафедраның оқытушылары, өзім де сабақ беретінбіз. Ал 1963 жылы сол филиал базасында Қарағанды металургиялық комбинатының жанынан Зауыт-ВТУЗ құрылды. Құрамында бір факультет, екі кафедра ұйымдастырылған еді. Соның біріне жетекшілік жасауға менің де кандидатурам қаралған болатын. Алайда бәріміз даусымызды Виктор Берестенкоға бердік.
Н.Ә. Назарбаев оқыған жылдары әдеттегідей кафедра оқытушы-профессорларымен бірге Теміртауға барып дәрістер оқып, емтихан қабылдап жүрдік. Оқу оңай болмады. Олар өндірістен ажырамай күндіз зауыттың ауыр жұмысын істейді, кешкілік таза студенттік оқулары жүріп жатады. Яғни нағыз студенттік өмірдің қызыққа толы – сынақтар, сессиялар, зертханалық жұмыстарды орындап жүрді. Мен ойлаймын, бұл кезең Ел болашағын ойлаған Нұрсұлтан Назарбаев үшін тыңғылықты білім алған жылдар болды. Студент Назарбаев оқытушы-профессорлардың есінде көзі оттай жанған, білімге деген құштарлығы, алғырлығымен есте қалыпты...

Осылайша болашақ Президентіміз Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған Зауыт-ВТУЗ-ды инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты. Кейінгі өмір жолын өздеріңіз жақсы білесіздер», - деп аяқтады әңгімесін Елбасына сабақ берген ғалым-ұстаз Надиров Ермұрат Ғалымбекұлы ағамыз.

Студенттік қызық мол жылдар. Ортада Елбасы Н.Назарбаев курстастарымен бірге
Бұл күндері балалары, немере-шөберелерінің ортасында Елдің амандығын шүкіршілік еткен ағамыз соңғы жылдары еңбек еткен ұжымын ерекше жылылықпен еске алады. Салыстырмалы түрде Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің материалдық базасы, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби деңгейі өте жоғары оқу орны екендігін, студенттерге білім беріп, тәрбиелеуде сол деңгейді түсірмей көркейе беруін тіледі. Бұл тілектерін Елбасына сабақ берген құрметті Ұстаз, Ғалым, Еңбек ардагерінің энергетикалық қара шаңыраққа берген ақ батасы деп қабылдым.

Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Жоламанұлы
Копировать ссылку