Ғылыми қызмет 05.11.2025

АЭжБУ ғалымдары Германияда «500 ғалым» бағдарламасы аясында ғылыми тағылымдамадан өтуде

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің Телекоммуникациялық инженерия кафедрасының профессоры Кәтипа Чежимбаева, сондай-ақ «Электр энергетика» білім беру бағдарламасы бойынша PhD докторанттары Мархабат Сәкітжанов пен Мақпал Жарқымбекова «500 ғалым» халықаралық бағдарламасы аясында Гумбольдт атындағы Берлин университетінде (Humboldt-Universität zu Berlin) ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтуде. Бұл университет — 1810 жылы құрылған, Германияның ең көне және ең беделді жоғары оқу орындарының бірі.

Тағылымдама 2025 жылғы 1 шілдеден 2026 жылғы 29 мамырға дейінгі кезеңде (11 ай) Humboldt Innovation GmbH бөлімшесінің базасында өтуде. Бағдарламаның тақырыбы – «Инженерия және телекоммуникация, жаңартылатын энергетика және Smart Grid жүйесін дамыту саласындағы тұрақты даму» болып табылады. Негізгі басымдықтар – декарбонизация, децентрализация, дематериализация және энергетика мен өнеркәсіп секторларындағы ESG-инвестицияларға бағытталған.

Бағдарлама энергетика, шикізат, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы тұрақты даму міндеттерін шешуге бағытталған зерттеу және кәсіби құзыреттерді дамытуға арналған. Ерекше назар жаңартылатын энергетиканың озық технологияларын зерделеуге, ақпарат алмасу үшін IoT технологияларын қолдана отырып, «ақылды» электр желілерін (Smart Grid) құруға және корпоративтік басқаруға ESG тәсілдерін енгізуге аударылған.

Оқыту мен зерттеудің негізгі бағыттары:

  • жаңартылатын энергетика саласындағы инновациялық технологияларды зерделеу;

  • жаңартылатын энергия көздерінің шағын және орта генерациясын модельдеу;

  • ESG-инвестициялау қағидаттарын тәжірибелік тұрғыда меңгеру және «гринвошинг» тәуекелдерін талдау;

  • жетекші неміс ғалымдарының басшылығымен зерттеулер жүргізу;

  • Scopus халықаралық ғылыми басылымдарына мақала дайындау және жіберу.

Тағылымдама аясында дәрістер мен практикалық сабақтар өткізу, Германияның энергетика саласындағы жетекші кәсіпорындарына академиялық сапарлар жасау, сондай-ақ тренингтерге, воркшоптарға және пікірталас клубтарына қатысу көзделген.

Зерттеудің негізгі бағыттарының бірі – Германиядағы алғашқы және бүгінгі күнге дейінгі жалғыз энергетикалық тұрғыдан автономды елді мекен болып табылатын Фельдхайм (Feldheim) ауылына бару болды. Feldheim-дағы тұрақты энергиямен қамтамасыз ету саясаты жаңартылатын энергия көздерін интеграциялаудың табысты үлгісін көрсетіп, өңірдің адами капиталы мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға серпін берді. Энергетикалық тәуелсіздікке көшу цифрлық мониторинг, энергия желілерін басқару және инфрақұрылымды қызмет көрсету салаларында жаңа жұмыс орындарын ашып, еңбек ресурстарының біліктілігін арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар бағдарлама аясында BMW және Siemens кәсіпорындарына академиялық сапарлар жоспарланған, онда қатысушылар жеке бизнестің адами капиталды қалыптастырудағы, жасыл технологияларды дамытудағы және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі рөлін зерделей алады.

Тағылымдаманы сәтті аяқтаған қатысушыларға Гумбольдт атындағы Берлин университетінің сертификаты табысталады. «500 ғалымға арналған тағылымдамалар» бағдарламасы – адами капиталды дамыту және Қазақстанның Еуропадағы жетекші университеттерімен ғылыми байланыстарын нығайту жөніндегі ұлттық бастама аясында жүзеге асырылуда. Қазақстандық зерттеушілердің мұндай халықаралық жобаларға қатысуы инновацияларды енгізуге, озық тәжірибе алмасуға және еліміздің энергетика саласын жаңғыртудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ғылыми қызмет

Copy link Сілтемені көшіру copy link iwitter link facebook link linkedin link

Жаңалықтар Energo University

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалықтар Energo University

Ұқсас жаңалықтар
Предыдущий Следующий
Ұқсас жаңалықтар